Осы тұрғыда жуырда «Кәмелетке толмағандар арасындағы өз-өзіне қол
жұмсаудың алдын алу» тақырыбындағы аудандық семинардың ұйымдастырылды.
Семинарды ашқан аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Роза Қарабалинаның
айтқанындай, оған қатысушы жоғары сынып оқушылары, мұғалімдер мен
ата-аналар өкілдері бұл мәселе жөнінен біраз мағлұматтар алуына
мүмкіндіктер жасалды, оның алдын қайтсек алуға болар еді деген сауалға
бірлесе жауап ізделінді.
- Психологтардың пайымдауынша, өмірден гөрі өлімді таңдайтындардың 19
пайызы қандай да бір жазадан қорыққандықтан, 18 пайызы жан дүниесіндегі
қайғыны көтере алмағандықтан, тағы 18 пайызы отбасындағы жайсыздыққа
төзе алмағандықтан, 6 пайызы «махаббат майданындағы» сәтсіздікке көне
алмағандықтан көз жұмады екен. Ал жалпы 16 жасқа дейінгі
жасөспірімдердің 50 пайызы жауапсыз қалған махаббаттың құрбанына
айналатын көрінеді. Нашақорлық, жұмыссыздық, өмірлік позиция
қалыптаспауы, түрлі секталардың көбеюі – соңғы кезде жастардың өлімге
құштарлығын арттырған. Суицидке ұмтылғандардың 60 пайызы томаға-тұйық
мінезді, көп ешкіммен араласпайтын балалар көрінеді,- деген баяндамашы
А.Құлниязова.
- Расында да, өз-өзіне қол жұмсау бүгінгі біздің ең өзекті проблемамыз,
-деді Г.А.Тасимова. – Оның деңгейін қадағалап, зерттеу мақсатында
республика бойынша статистика жүргізгенде, Атырау облысы 5-інші орыннан
көрінді. Бұл аз көрсеткіш емес, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы
суицид жасау деңгейін аз, орташа, жоғары деп үшке бөлетін болса, біздің
облыс соның жоғары деңгейі деп есептелінеді, -деуі де жиналғандарды
еріксіз елең еткізгендей-ді. Баяндамашы сондай-ақ облыстық балалардың
құқықтарын қорғау департаменті жасөспірімдер арасында суицид оқиғаларын
болдырмау мақсатында облыстық білім беру басқармасымен, облыстық ішкі
істер департаментімен келісілген іс-шаралар жоспарын жасақтап,
облысымыздағы жасөспірімдер мен балалардың арасында өзіне-өзі қол жұмсау
әрекетіне ұмтылған немесе суицидпен аяқталған жайттарға сараптама
жұмыстарын жүргізіп келе жатқанын сөз етті.
Семинар барысында «Стресс, психологиялық дағдарыстар» қақында өзге де психолог мамандардың баяндамалары тыңдалды.