Суицидпен күрес

Сайт мәзірі
Жобаның бейне-роли
Біздің сауалнама
Суицидтын алдын алуға бола ма?
Всего ответов: 260
Статистика

Онлайн всего: 3
Гостей: 3
Пользователей: 0

Каталог статей

Главная » Статьи » Мои статьи

ЗҰЛЫМ СУИЦИД немесе ҚАСИЕТТІ КӘЛИМА

«Осы бір Ермектің-ақ ойыны тасып жүреді.»

-Жоқ.

-Неге жоқ? Не себеп? Аппақ қар ғой айнала!

Тіпті тергейтінін қайтерсің?

-Жоқ, демек жоқ!  Шықпаймын! Немене тергеушісің бе?

-Жоға. Жарайды, шықпасаң қой.

«Тыңқ-тыңқ».

Жыны тырысқанда маңына жан жуытпайтын жаман байталдың мінезіне бергісіз тарпаңдығы бар. Кешеден бері қара жамылып жатыр. Бөлмедегілер де таң атқалы орындарында тұрақтай алмай, бұның шарт мінезіне ілігіп қалудан сақтанып, бірі дәліз кезіп, бірі көрші студенттерді сағалап жүр. Ал бұл жан баласына ләм деместен жатты да қойды.

Ақбілек, қайран, Ақбілек… Оның алдында өз әлсіздігін сездіріп алмау үшін бар күші мен айбарын жинап, жүрегінің қалап, тілінің бұрылып тұрған сөзін емес, керісіншені кертіп, қыр асып, қыртып тұрар еді. Әркез суыққандылық танытып, оның ыстық сезімін елемегенситін. Құштарлығын көрмегенсіп, ынтықтығына ілтипат та білдіре қоймайтын. Сондағысы өз бағасын асыру, яки, болмаса жігіт екенін, бәзбіреулердей қыз біткенге құлай кететін етексүйгіш еместігін көрсету болатын. Енді соның құны қайсы? Парқы нендей дәл қазір? Көзіне ып-ыстық жас кеп тұр. Тістеніп, намысы алқымынан алып, шиыршық атып жатыр…

Ақбілектің  аяқ астынан қабылдаған шешімін оның бөлмелес қызынан естігенде жарылып кете жаздады.  Жаңа жылда бірге боламыз деген өзінше жоспарының күл-талқан болғанына зығырданы қайнап-ақ кетіп еді. Жын соққандай бөлмесіне барған. Үрпиісіп қалған қыздарға сәлем де берместен Ақбілекке дүрсе қоя берді.

-Аулыңа кетсең, қайтып келмейсің! Маған да айтпай кетіп бара жатыр екенсің, жолың болсын!

-Мен бір-ақ айға барам ғой, сессия бітті. Саған кешке айтқалы жатқам-деп еді Ақбілек қасындағы қыздардан қымсына жауап беріп.

-Кете бер! Бірақ екінші менің көзіме көрінуші болма!

-Сен мені іздеп келмейсің бе? Өзің айтып едің ғой.

Бұл әнтек жымиған. Онысы сұр жыланның ысылынан кем түспестей болатын.

-Әрине, жоқ! Қалай кетсең, солай келерсің. Бірақ мен ұмыт. Іздеп келетіндей, Қырым асып  бара жатқан жоқсың ғой.

Бұл атып шықты да, ендігі шешім мен бағытын анықтай алмай тұрып қалған. Жаңа ғана жанындай жақсы көретін Ақбілегін  жынды мінезінің жетегіне еріп, жылан тілімен шағып кетті.

Бірақ қайтып кіруге, сыпайылап сөйлесуге көкірегі жібермей, желкесі бұрылмай, аяғы баспай қойды. Ит ашуы қозып, кімге тиісерін білмей, түн жарымына дейін жүріп алды.

Ақбілек екі күннен соң ауылына кетті. Қаншама рет қоңырау шалды. Ал бұл қыңыр есегін мініп, қисайды да қалды. Көтермеді. Смс хаттарға да жауап берген жоқ. Тіпті, «анам үшін кеттім, науқасы ушығып барады, әйтпесе сенің қасыңда –ақ болғым келген, түсінші» деп жазған жыларман халіне де қыңқ етпеді.

Ал кешегі хабарды естігенде құйқасынан төмен қорғасын құйғандай болды. Қыс басталғалы Алматының ала шарбы бұлттары төбеден төніп, адам біткеннің ісін бақылап, бір кетпей қойды. Желтоқсанның нөсерін жұрт біткен жамандыққа жорып жатты. Тайғақ жол таптырар апаттың санын алдын-ала  айтып, сәуегейлікке салынған елдің пысықтығы  ұнамап еді. Қарғыс атқыр автобустар! Жын ұрғандай жүретін Алматы-Шымкенттің содыр жүргізушілері! Қыршындай кеткен өмірдің, желкілдеп келе жатқан желкеннің жер болуына кінәлі иттер!

«Жол апаты Тараздан шыға берісте болыпты. Ақбілекті енді көрмейміз» деді де, бөлмелес қыз Жанар өкіріп жылап жіберді. Бұл қапелімде түкке түсінбей қалған. Мағынасыз тұрды да қойды. Бір сәт мына өмірдегінің бәрі жалған екеніне көзі жетті. Тіпті мына сырғақтап жауған қар да, мына студенттік қызық шақ деп жүрген күндері де, мына қарсы алдында сұңқылдап тұрған өрімдей қыздың көз жасы мен тіпті өзінің мына сөлбірейген сиқы да өтіріктер әлемінен әкелінген қуыршақтың ойынындай болып кетіп еді.

«Уһ» … аунап түсті. Өміріне лағынет айтты, күйіп жатып. Кенет ойына өткенде теледидардан көргені түсті. Жыл басынан бері өз-өзіне қол жұмсаған жастың саны 20 ға таяп қалды дегенде денесі дір ете қалып еді-ау. Бұл неткен зұлмат деп ойлап еді. Ал қазір бір зымиян ой ақылын құрсаулап, әр деміне араласып, қан тамырларын жайлап бара жатты. Кенет қолдары ұйып сала берді. Артынша бар денесін дендеп, аяқтары тартылып, тілі икемге келмей құрысып қалды. Әне бір қап қара киінген түнек адам жақындап келді. Ұста. Ұста мына пышақты дегендей. Бар еркі мен қимыл-қозғалысының тізгінін бір қолына алған мына түнек адам басымдық байқатып, әкетіп бара жатыр. Бұл ауа қарманып, булықты да қалды. Ұста мына пышақты! Енді қалған өміріңнің құны жоқ. Ұста! Ұста! Өл! Өл! Өл!  Ап-анық. Туп тура алдында тұр. Неткен сиықсыз сипат, неткен сұрқия дауыс! Қолы өз еркінен тыс үстелдің үстінде жатқан пышаққа созылып бара жатты. Бұл мұнда қалай келген? Жаңа ғана бұрышта жатқаны есіне түсті. Өне бойы дір етіп, қалтырап кетті. Қаныпезер қара пышақтың жүзі жымың атып жалтылдап кеткен бе? Бұл да өз құрбандығы көргенде қуанады екен-ау. Қара түнек мұрнының тұсына кеп тұрып алды. Бетпе бет тірескенде мүңкіген исі мен пысылдап алған демін де анық сезді.Тіпті қолының көтерілгеніне де көмектескендей. Демегендей. Әне қара пышақ қайрылып келе жатты. Кенет бар күшін жинап кәлиманы айтпаққа бекінді. Ойпырым-ай. Жұма сайынғы мешітте айтылатын осы бір екі сөйлемнен қиын, екі сөйлемнен ұзақ, екі сөйлемнен ауыр бейнетті татпаған шығар-ау. Тілінің үстіне тас мінгендей қозғалар емес. Таңдайы жабысып, жағы қарысты да қалды. Кешегі ауыр жаңалық жұқтырған қайғы да мұның қасында есеп болмай қалды. Басы артқа қарай кекжиді. Тізелері сынып кетердей сіресіп тұр. Тұла бойы су боп терледі. Қолындағы қара пышақ төбеге көтерілген күйі, енді бір ми талшықтары беретін бұйрықты күтіп, шалт кетуге әзір тұр. Кәлиманы айту мұнша ауыр болар ма? Алатаудан да ауыр, қара жерден де қатты, теңізден де терең сөздің құдыретін-ай. Өз-өзіне қол жұмсаған адамның тікелей тозаққа кететінін оқығаны бар. Тіпті оған жаназаның да шығармайтынын жібек мінезді Жұмабек айтып отыратын. Өз-өзіне қол жұмсау мен кәлимәның бір-біріне кереғар ұғымдар, бітіспес жау, жібіспес дұшпан екенін қалай ғана естен шығарды? Ал әнеукүні мешітте айтылған уағыздағы жайт ше? Өз ажалымен өлер алдында кәлиманы айтқан адамның жәннәттық болатынын естігенде, осы екі сөзді айту кімнің қолынан келмес деп топшылап еді. Жоқ. Тағы да Жұмабектің айтқаны рас болды. Оны айтуға лайықсың ба, мәселе сода деп еді төмен қарап, жер шұқып. Адам өзі тұрмақ, өзгеге зияны тигені үшін жауапқа тартылатыны анық болғанда, аманатқа берілген тәніне пышақ сұғу неткен ауыр қылмыс? Адамдардың да, Алланың заңы да ақтап ала алмастай неткен зұлмат күнә?

  Кәлима. Тілі сынсашы… Жұма сайын, күн сайын, сәт сайын айту бар да, мағынасын сезіну, осы бір екі сөйлемнің қадірін түйсіну, бұйрығына бас ұру бөлек әңгіме екен-ау.  Лайықсың ба? Қандай қатты, қандай қатал, алайда, әбден орынды сұрақ. Жарық дүние мен о дүниенің арасындағы жұқа жіпті қақ бөлуге даяр, қара пышақ сермелер сәт арасындағы салған ой осы болды.

 Бұл өзінің лайық еместігін енді сезді. Өлім туралы ойлаудың өзі ағат екенін, тіпті зұлымдық екенін енді түсінді. Түсінді де тұла бойы шымырлап сала берді.  Енді бір сәт анасы есіне түсті. Томпаңдаған інісі мен бұрымы желкілдеген қарындасы көз алдына келді. Бетін жуған ыстық жастың кермек дәмі тіліне тиіп, күйдіріп ала жөнелгенде бұл «лә илляха илль Аллаһ…»  дей берген. Бағанағы қар түнек адам да, тамырларын жайлап, сумаң қаққан зымиян ой да лезде ғайып болды. Саусақтары ашылып сала берді. Қара пышақ кәнігі жансыз мақұлық кейпін тауып, жерге дәрменсіз күйде тасталды да кетті.

Азынаған қуықтай ғана бөлме. Сыртта сақ-сақ күліп қар атқыласқан студенттер. Ымырттағы жатақхананың артына жиналатын қыз – жігіттердің базар шағы. Бақытты шағы.

Қайнар сүйретілген күйі төсегіне келді. Жаңа ғана өзі лағынет айтқан мына өмірден тәтті, мына өмірден ғажап ештеңенің жоғын жаңалық ашқандай түсініп отыр.

Жұмабек айтатын тағы бір сөз, өлгендерге істелетін амалдың ең абзалы құран оқып, дұға бағыштау. Одан басқасының бәрі бос. Ақбілектің артынан кетпек болған, ақымақтық әрекетіне жаны түршікті. Алла берген тағдырына қарсы шығып, өміріне қол сала жаздады-ау! Бұдан өткен зұлымдық болар ма? Әлсіз сорлының әрекетіне жүгінгенше, қайта сор болған сезімі мен зарланған жүрегін,  мұқалған қайратын қайрап, сүйгені үшін, сүйгені сезінген ыстық сезім үшін, мына жатақхананың айналасында кешкен қимас күндер үшін, ардақты өмір үшін және қымбатты кәлимә үшін қиындық біткенді қасқайып қарсы алып, күн кешпей ме?

Қайнар тұла бойындағы сергектікті байқады. Жүрегі атша тулап тұр. Тәні  өмірі болмаған жеңілдікті сезінді. Сірескен тізе мен кегжиген мойын да жібіп барады.  Тілінің «ля илляһа илль Аллаһдан» босамай кеткенін енді байқады. Сонда да айта берді. Неткен тәтті сөз! Нектен құштар сезім… бұрын қалай байқамаған. Кенет телефоны шыр етті.

-       Алло.

 -       Алло, Қайнар, далаға шықпасаң астына түс. Ауызашар бергелі жатыр. Тегін тамақ… Ойлан!

 Бөлмелес Ермектің даусы әдеттен тыс ыстық көрініп кетті. Бағанағы қатты сөзіне өкініп кетті. Көзіне жас та кеп қалды.

-       Мен ораза ұстамадым ғой.

 -       Мейлі , келе бер. Ұстамасаң осыдан соң ұстайсың! Тамақ бәріне де жетеді. Қайта сауап аламыз!

 Қайнар төсегінен тұрды. Жастығына астында жатқан сүйікті жаны, әзиз досы, қайрылмасқа кеткен махаббаты Ақбілектің суретін жайлап алды да, анықтап қарады. Әркез күліп тұратын көздеріндерінен моншақ мұңды көргендей болды кенет. Ақбілектің ендігі өмірінде мұны естімейтінін де анық түсінді. Көрмейтініне де көнді. Жиырмасында жер жастанған жаннан осы бір алақандай суреттің қалғаны да үлкен олжа. Жүрегі шым етті. Алайда тіліндегі кәлима, тағдырында сыйланған алдағы күндеріне шүкіршілік етуді бұйырғандай. Еңсесін басқан ауыр қазаның күйігін рамазанның ақшамындағы осы бір сәті аз да болса сейілткендей. Бұл қараңғылықтың қамыты киіле бастаған қуықтай бөлмеден атып шықты. Тілінде сол тәтті сөз  –  кәлима, «Лә илляха иль Аллах, Мухаммәд расуль Аллаһ!»



Источник: http://www.baq.kz/kaz/blogs/cat/
Категория: Мои статьи | Добавил: dunyawa_98 (13.10.2011) | Автор: Айдана Р E W
Просмотров: 1195 | Теги: Қызықты мақала | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: