Деректер не дейді?
Әр құбылыстың барысы мен ауқымын анықтайтын деректерге сілтеме жасалық.
Облыстық статистика департаментінен алынған мәлімет бойынша өткен
жылдың қаңтар-қараша айларында өңіріміз бойынша жалпы саны 166 адам
өзін-өзі өлтірген. Соның 134-і – ерлер, 32-cі – әйелдер. Облыстық
балалардың құқығын қорғау департаментінің директоры Әли Мәсәлімовтің
мәліметтеріне орай барыс жылы 9 бала немесе жасөспірім адамның
тұла-бойын түршіктіретін әрекетке барыпты. Сол тоғыздың тек екеуі -
қыздар. Алайда 2009 жылы мұндай қылыққа барғандардың саны оннан асып
жығылады. Былтыр әйтеуір саны кемшін. Жасөспірімдер мен балалар арасында
өмірден түңіліп, өлімге ұмтылғандардың басым көпшілігі Ақсай қаласы,
Жәнібек, Тасқала және басқа аудандардан. Керісінше, облыс орталығында
жиі кездесе бермейді. Тағы бір мысал. Дүниежүзілік денсаулық сақтау
ұйымының тұжырымдамасына иек артсақ, Қазақстан жасөспірімдер мен балалар
арасындағы өз өмірін қиғандардың саны жөнінен дүниежүзінде үшінші
орынға ие. Неліктен?
Себептері түрліше
– Меніңше, - дейді Әли Хайдарұлы, - балалар мен жасөспірімдердің
мезгілсіз және тым өкінішті қазасына отбасындағы кикілжің себепкер. Яғни
ерлі-зайыптылардың өз арасында және олардың ұл-қыздарымен
қарым-қатынасында шынайылық пен жылылық жоқ немесе мүлдем төмен. Ал бала
мен жасөспірімнің мінез-құлқы толық қалыптаспағандықтан, өткір пышақтың
жүзіндей қылпып тұрады. Сондықтан оның кез келген уақытта қатерлі
қадамға аяқ басуы оп-оңай. Таңданарлығы сол, жаңағыдай жаңсақ жолға
түскендер ішер асқа жарымай отырған жанұялардан емес, көбіне әлді,
бақуатты отбасыларында көп кездеседі. Демек, тұрмыстық ахуалдың ешқандай
қатысы жоқ. Екіншіден, мектептің, әсіресе, психологтардың ата-аналармен
байланысының да маңызы ерекше. Ата-ана мен мектептің бала тәрбиесін
біріне-бірі итермей, ортақ мүдде үшін ынтымақтаса жұмыс істегені дұрыс.
Үшіншіден, менің осындай оқиғаларды түпкі мәніне үңілмей жатып, БАҚ
құралдары арқылы «қызықтағанды» жаным сүймейді. Яғни даңғаза даурықпаға
жаным қарсы.
Енді осы ахуалға заңдық тұрғыдан келейік. Облыстық прокуратура
басқармасының аға прокуроры Саян Жүнісбаев сөзін былай сабақтайды: –
Өкінішке орай, – дейді ол,-өңірімізде асылып немесе атылып өлу, суға
әдейі батып кету және басқа жағдаяттар кездесіп тұрады. Заңдық
низамдарға (норматив) сәйкес, өзін-өзі өлтірушіге ешқандай қылмыстық
немесе әкімдік жауапкершілік қарастырылмаған. Өзін-өзі өлтіруге әрекет
жасап, тірі қалған адамға да солай. Рас, кез келген адамды өзін-өзі
өлтіруге мәжбүр еткен жеке тұлға, соның ішінде лауазым иесіне қатысты
жағдай анықталса, бұлтартпас айғақтармен дәлелденсе, онда
жауапкершілікке тартылмақ. Кейде мектептегі өрескел әлімжеттік оқиғалары
да баланы қатерлі қадамға итермелейді. Мұны да қатаң ескеру қажет.
Жалпы, іс-тәжірибемізде оқыс табылған мәйіттің бесеуінің екеуі көбіне
өзін-өзі өлтіруге байланысты. Сондай-ақ АҚШ пен Батыста кез келген
адамның өзінің сұрауымен өлтіретін эвтаназия әдісі бар. Көбіне мүлдем
қарт немесе жазылмайтын дерті бар жандар сондай қадамға барады екен.
Бізде оған рұқсат жоқ. Мына жағдаяттар да кездеспей қалмайды.
Қылмыскерлер немесе қылмыскер біреуді қасақана өлтіріп, кейін оны асып
кетеді. Яғни заң орындары өзін-өзі өлтіруші ретінде танысын деп. Оны да
анықтау қажет. Бірақ ешқандай жауапкершілікке тартылмаса да, өзін-өзі
өлтіруді қашанда мақұлдамас едім, - деді сөз соңында Саян Ілесұлы.
Айтпақшы, созылмалы жүйке ауруына байланысты өз еркімен өмірден
кеткендердің жөні бір басқа. Мұны ел аузында айтылып жүргеніндей:
«Шайтан азғырды» десек, орынды болар. Кейде тіпті жүйкесі мықтыларды да
арбайтынын айтпағанда...
Басқаны қайдам, әлемдік үш дін – ислам, христиан және яхуди (иудаизм)
сенімдері өзін-өзі өлтіруді қатаң айыптайды және адамның басты
күнәларының қатарына қосқан. Қасиетті ислам дінінде өзін-өзі өлтіргендер
маскүнемдер, жезөкшелер, ұрылар сияқты қоғамға қайшы жандардың моласына
жерленіп, оған жаназа жасалмайды, басына Құран-Кәрім оқылмайды.
Христиандықтың католик тармағында өзін-өзі өлтірген бейбақтың басы
шабылып, денесінен бөлек қойылады. Осындай күнәға батқандарға яхуди
дініндегі көзқарас алдыңғыларға ұқсайды.
Не істеу керек?
Әрине, ешқандай заңның бабымен өзін-өзі өлтіруге тыйым салу мүмкін
емес. Тіпті сондай қылыққа барып, кездейсоқ аман қалғандарды да
қылмыстық немесе өзге жауапкершілікке тартудың оң нәтиже бермесі анық.
Демек, мұндай адам табиғатына жат жағдаяттардың алдын алу үшін не істеу
керек?..
– Бүгінде талай пәле бала атаулы телмірген «көк сандықтан» туындап
отыр, – деп, пікірін білдірді Ә.Мәсәлімов, – Ол аз десеңіз, ғаламтор
бар. Міне, сол ғаламторда өзін-өзі өлтірушілерге арналған (!) сайт жұмыс
істейді. Сол арқылы өмірден мезгілінен бұрын «кеткісі» келгендерге
«құнды кеңестер» беріледі. Жалпы, батыстық, бізге жат ұғым бойынша,
«өмірім - өз меншігім, не істесем де еркімде» дегенге саятын тасыр
түсінік барған сайын жастар мен балалар арасында кеңінен таралуда.
Сондықтан балалар мен жасөспірімдерге бағытталған ғаламтор клубтар мен
жеке бағдарламалардың ықпалын шектеу қажет. Ғаламторлық ойындар мен
теледидар арқылы берілетін американдық және орыстық өлтіру мен өлімге
толы фильмдер және хабарлар көрушінің көз алдында тіршіліктің құны мен
қасиетін төмендетеді, тіпті қалыпты нәрсеге айналдырады. Әрине, қоғамдық
пікір баяғыдан бері бұған қарсы дабыл қағып келсе де, әзірге ұлы Абай
айтқандай: «Баяғы жартас, бір жартас». Тағы бір ұсынысым, біздегі
сенушілерінің саны басым діндер – ислам және христиандықтың православие
тармағының өкілдері жүйелі түрде оқу орындарына келіп, жер бетіндегі
өмірдің мәні мен қасиеті туралы уағыз айтып отырса, мүмкін, сондай
қадамға барғысы келіп, екі ойлы болып жүргендердің басым көпшілігі
райынан қайтар ма еді, кім білген?!...
Саян Жүнісбаев та тәрбиелік және түсінік шараларының кешенді
жүргізілуін қалайтынын айтты. Сондай-ақ мектептегі құқықтық сауат ашу
жұмысы жолға қойылуы тиіс. Өзінің қорғану құқығын білмеуі салдарынан
өмірін қиятын балалар мен жасөспірімдердің саны азаяр емес. Аға
прокурордың айтуынша, әр баланың өмірі мен тағдыры үшін ата-ана мен
мектеп ар алдында да, заң алдында да жауапты. Олар жасынан дүниеден
түңілгендерді емес, өзіне сенімді, өмірді сүйетін еліміздің ертеңгі
азаматтарын бірлесе тәрбиелеуі керек.
Түйін
Олай болса, тәрбиелік шара, діни уағыз, ашық та емен-жарқын әңгіме
бір-бірімен үйлесімді ұштасқан жерде жас өскіндердің өзіне-өзі қиянат
жасауының болмауы немесе сирейтіні айдан анық. Ал үлкендер арасындағы
ахуалға келетін болсақ, ол өмірден шаршаудың әрі көкірегіне рух
ұяламағанның салдары деп түсінген жөн. Әйтпесе, ақыл тоқтатқан немесе
көп жылдық өмірлік тәжірибесі бар жанның тосын қылығын, қала берді,
күнәсін басқаша қалай түсіндіруге болады?! Сондай-ақ өмірімен ерікті
түрде қоштасқандардың арасында ерлердің әйелден анағұрлым басым болуы да
«мықты жыныс» өкілдерінің шұғыл да қатерлі шешім қабылдауға үйір
келетіндігіне айқын дәлел. Дұрысында, өмірдің иесі – әр жұмырбасты пенде
емес, бір Жаратушымыз емес пе?! Халық даналығында айтылғанындай, сол
Құдіреттің әркімге де ғұмырды тек өзі беріп, өзінің алғаны заңды да
мәнді шығар.
Источник: http://www.infoportal.kz/kaz/news/novosti-uralska-i-zko/suitsid-alemde-ushinshi-oryndamyz-nelikten |