Әсіресе әйелдер әлсіз келеді
Өз-өзіне
қол жұмсау тек қазақстандық емес, әлемдік проблемаға айналды. Соңғы
жылдары суицид, әсіресе, жасөспірімдер арасында ушығып бара жатыр.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, жыл сайын
30 мың американдық, 25 мың жапондық, 20 мың француз өз-өзіне қол
жұмсайды екен. Жер бетінде жылма-жыл 500 мың адам өз өмірін құрбан
етеді.
Әлемдегі
80 елдің ішінде бүгінгі күні Қазақстан суицид бойынша 5 орынды иеленіп
отыр. Біздің елде, әсіресе, кәмелетке толмағандардың арасындағы
суицидтің тұрақты өсуі алаңдатушылық туғызады. 2005-2007 жылдар
аралығында елімізде 750 жасөспірім суицидтен мезгілсіз көз жұмса, 1146
жас түрлі жолмен өмірден өтуге әрекет еткен.
Өз-өзіне
қол жұмсау оқиғалары негізінде ересектер арасында да алаңдатарлықтай.
Алайда ерлерге қарағанда әйелдер өмірден 2-3 есе тез түңіледі
дегенмен, суицидті ерлер 3 есе жиі жасайды екен.
Суицидті
жасау тәсілдері түрлі жыныс өкілдері арасында былайша ажыратылады:
ерлерде асылып қалу мен қару қолдану, ал әйелдерде өзін улау жиі
кездеседі. Мұндай қауіп некеде тұрмаған, жесір қалған, ажырасқан,
некеде болғанмен баласыз, туыстарынан бөлек тұратын жалғызбастыларда
көп көрінеді. Ал соңғы кездері білімі, квалификациясы төмен, жұмыссыз
тұлғалар мен зейнеткерлер де өз-өзіне жиірек қол салатын болыпты.
Ал
жасөспірімдер арасында ол үлкендер тарапынан түсінбеушілік, қарсылық,
құрдастары тарапынан бөлектеу, кемсіту және махаббатта жолы болмауға
тікелей байланысты. Дегенмен де 55-65, 20-29 жас аралығындағылар
арасында өлімге бас тігетіндер көптеу.
Райынан қайтаруға болады
Өзіне-өзі
қол жұмсау әрекеті аяқталған яғни, өлімге соқтырған және аяқталмаған
(адамның тірі қалуы) болып екіге бөлінеді. Сондай-ақ ол мақсатына қарай
нағыз (өзін-өзі құрбан ету мақсатында) және қыр көрсету, ниетіне жету
мақсатында басқа адамдардың әдейі аяушылығын туғызу әрекеті болуы да
мүмкін.
Қандай
жағдайда да өмірден баз кешіп, бәрінен жалығып, түңіліп, өлімге бет
бұрған адамды ажалдан алып қалудың жолдары, амалдары бар екенін
ұмытпайық. Ол үшін жабырқап жүрген адамның жанын не жаралайтынын біле
жүрген жөн. Бұл әрекет оны ойландырып, өзін сыйлайтын, қадірлейтін адам
барын ұғындырады, сол арқылы райынан қайтарады. Содан кейін қандай қиын
жағдайда да тығырықтан шығатын жол болатыны жайлы жиі әңгімелескен
жақсы. Мұндай әңгіме әсіресе жаңа босанған әйелдерге, өтпелі кезеңдегі
жасөспірімдерге, отбасында кикілжің орнаған, ажырасқан жандарға
керек-ақ. Олар бұл қиындықтан кейін де өмір барын, оның жалғасатынын
ұғыну керек.
Өлуге
әрекет еткен адамды қайта қалыптастыру шараларына оның жақын туыстары,
достары, сүйіктісі, дәрігер де белсене араласуға тиіс. Бірақ ешбір
іс-әрекетте жасандылық болмасын. Ал айтылған сыр сол арада қалуы керек
және ешқашан есіне түсірмеуге тырысқан жөн. Бастысы, өмірден түңілген
жан өзінің өзгелерге керек екенін ұғынғаны дұрыс. Сонда бақытсыздықтан
айналып өтуге болады.
Ж. ҚАСЫМ.
Источник: http://www.zamana.kz/component/content/article/1-latest-news/797-cuicid.html |