Суицид – әлем елдерін толғандырған қауіпті құбылысқа айналғаны
басы ашық шындық. Батыс елдері де, Азия мемлекеттері де оған асқан
алаңдаушылықпен қарап отыр. Сол себепті де бұл проблеманың алдын алу
мақсатында стратегиялық зерттеу жұмыстары қал-қадерінше қолға
алынуда. Елімізді де бұл мәселе айналып өте қойған жоқ. Қазақстанның
суицид қатері дендеп енген мемлекеттердің ішінде тұруы осының
бірден-бір дәлелі. Бұл ретте, мәселенің мәнісіне тереңнен бойлау, оның
шығу себептерін зерттеу БАҚ өкілдерінен жауапкершілікті қажет етеді.
Бұл күнгі жиын өзегі де осыған сайды. Басқосу кезінде сөз алған
еліміздегі телекоммуникация саласының қызметкері Айнаш Гайсина суицид
мәселесін жазудағы шетелдік БАҚ-тардың тәжірибесі төңірегінде әңгіме
қозғады. «Мен суицид мәселесінің шығу тегі мен оның алдын алу
бағытында жүргізіп отырған жұмысын сараптай келе, Канаданың
тәжірибесін бөле-жара айтар едім. Бұл ел аталған күрделі мәселені
мемлекеттің емес, азаматтық қоғамның стратегиялық зерттеулері негізінде
анықтауға тырысады. Яғни, бұл зерттеулерде қоғамдағы түрлі жағдайлар
негізге алынады. Сондықтан, біз де осындай елдердің тәжірибесін
басшылыққа алғанымыз абзал», деді А. Гайсина.
Ал Психикалық ауытқушылықтар мәселелері бойынша медициналық
орталықтың өкілі Елена Полиенко жастар мен жасөспірімдердің қоғамдағы
кез келген ақпаратты психологиялық көзқарас тұрғысынан қабылдауға бейім
тұратындығы, сондықтан бұл мәселені де түбегейлі зерттеу қажеттігі
жөнінде өз ой-пайымын жеткізсе, телекоммуникация саласының маманы А.
Серғазин суицид мәселесін жариялаудағы БАҚ-тардың рөлі және олардың
аталған жағдайға әсері төңірегінде әңгіме өрбітті.
«Әрбір журналист өзінің жазған дүниесіне байыптылықпен, сақтықпен
қарауы керек. Өзінің жазғаны қоғамдағы кез келген азаматтың
сана-сезіміне әсер етуі мүмкін екенін ойлауы қажет. Бүгінде суицид
мәселесін қозғау қоғамда интрига туғызу үшін де қажет деп қарайтын БАҚ
өкілдері бар. Бұл қате түсінік. Сондықтан, мұндай күрделі мәселені
жазар алдында оған асқан жауапкершілік тұрғысынан қарау қажет деп
санаймын», – деді Е. Полиенко.
Жиын аясында оған қатысушылар мәселе түйінін шешуде мемлекет,
қоғам және БАҚ-тардың ортақ ұстанымын қалыптастыру, суицид мәселесін
БАҚ-тарда қозғауға қатысты арнайы ұсынымдар тізбегін әзірлеу жайын
талқылады. Әрине, қатерлі құбылыстың, оның белең алу үдерісінің
қоғамға, азаматтарға дұрыс түсіндірілуі мәселеге бір жақты емес,
жауапкершілікпен қарауды талап ететіні анық. Сондықтан, басқосу кезінде
көтерілген суицидке қатысты кез келген мәлімет БАҚ-та жарияланар
алдында сан сипаттағы зерттеулерге, нақты дереккөздеріне сүйеніп барып
әзірленуі қажет деген ой-пайымдар да мәселе жүгінің салмағын
көрсетеді.
Жиын қорытындысында арнайы ұсынымдар қабылданды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
Источник: http://www.egemen.kz/314695.html |