ШОШЫНДЫРАТЫН СТАТИСТИКА... Статистикалық мәліметтерге
сүйенсек, өткен жылы елімізде жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау 237
оқиғасы тіркеліпті. Биылдың өзінде жасөспірімдер арасындағы суицидтің
бірнеше фактісі тіркеліп үлгерді. Тек қана Оңтүстік Қазақстан облысында
қаңтар айында 7 суицид оқиғасы тіркелген. Мұның 3-еуі Сайрам ауданында
және жан түршіктіретіні сол — бұлардың бірі жасы 12-ге де жетпеген
кішкентай қыз бала! Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ дәл осындай
көрсеткіш жалғаса беретін болса, бір облыстың өзінен жыл соңына дейін
70-80 жасөспірімнен айырылып қалатын түріміз бар. Қазақстанда 14
облыстың барын еске алсақ, бұл санның қаншаға дейін өсетінін өзіңіз
есептей беріңіз. Демек, бұл расында да алаңдатарлық жағдай! Бей-жай
қарауға болмайтын мәселе! Ақиқатына келсек, суицидті туындатушы нақты
факторлар анықталмаған. Адамның өз-өзіне қол жұмсауына түрлі жағдайлар
себеп болуы ықтимал. Десек те, айналып келгенде арқан бір қазықты
айналатын тәрізді, ол — рухани тоқырау, психологиялық қолдаудың
жетімсіздігі, тәрбиенің ақсаңдығы. Бізді таң қалдыратыны, осыдан он
шақты жыл бұрынғымен салыстырғанда, мектептердегі жағдай мүлде басқаша.
Бұл күнде барлық мектептерде психологтар жұмыс жасайды, сонымен қатар
мектеп инспекторлары тәртіпті қадағалауда. Бұдан бөлек, "Өзін-өзі тану”,
"Дінтану” бағдарламалары енгізіліп, оқушылардың рухани дамуына үлес
қосуда. Осындай жағдайларға қарамастан оқушылардың өз-өздеріне қол
жұмсау оқиғалары өршіп барады.
СУИЦИДКЕ КІМДЕР ЖӘНЕ НЕ ҮШІН БАРАДЫ? Біз
осы жайындағы пікірімен бөлісу үшін Оңтүстік Қазақстан облыстық
Балалардың құқығын қорғау департаментінің директоры Ғалия Жүсіпбекқызын
сөзге тарттық. — Жасөспірімдердің өз-өздеріне қол жұмсау фактілерін
есепке алу мәселесі бұл күнде жолға қойылған. Мұндай жағдай орын ала
қалса, жергілікті білім мекемелері бұл туралы ақпаратты 3 күн ішінде
бізге жолдайды. Біз оқиғаны есепке алып, оның себеп-салдарын анықтауға
тырысамыз. Жалпы, мұндай ақпараттарды 2006 жылдан бастап жинастырып
келеміз. Бұл департаменттің өзі 2007 жылы құрылды. Оқиғаның алдын алу
мақсатында аудандарды аралап, жиындар, конференциялар өткізіп отырамыз.
Өз-өзіне қол жұмсауға баратындардың дені 12-19 жас аралығындағы
жасөспірімдер. Яғни, әлі психикасы толық қалыптасып үлгермеген
жастағылар, — деген департамент басшысы жасөспірімдердің суицидке
баруына бес жағдайдың себепкер болатынын айтты. Олар: араласатын ортасы
(достары, көршілері); жанұясы; махаббат; ұстаздардың қарым-қатынасы;
қоршаған ортасы (интенрнет, телефон, кино, музыка ж.т.б.). Яғни,
достарымен арадағы келіспеушіліктер немесе ақша талап ету тәрізді
жағдайлар; үйдегі тұрмыстық ахуалы, әке-шешесінің арасындағы ұрыс-керіс
т.б. факторлар; жауапсыз махаббат немесе махаббатта жолының болмауы;
ұстаздардың ұрсуы, оқушылардың көзінше намысқа тиюі; батыстық киноларға
еліктеу, теріс психиканың қалыптасуы себепкер болуы ықтимал. —
Облыстағы орын алып жатқан жағдайларды саралап көрсек, өз-өздеріне қол
салушылар негізінен мұсылман балалары, — деген Ғалия Жүсіпбекқызы
көпшілік арасында "аспа кесел” деген түсініктің қалыптасқанын, сондықтан
көп ата-ана баласының неліктен өз-өзіне қол жұмсауға барғанының түбін
зерделеп көргісі келмей, жылы жауып қоятынын қынжыла жеткізді. Сондай-ақ,
өз-өзіне қол жұмсаушылардың дені — қыз балалар екен. Мәселен, қаңтар
айындағы облыстағы орын алған 7 жағдайдың 6-сында қыз балалар суицид
жасаған. Болашақ аналардың ер балаларға қарағанда суицидке жиірек
баруын, Ғалия Жүсіпбекқызы олардың нәзік жанды болуымен түсіндіреді. Департамент
басшысының пікірінше, жасөспірімдердің бұлай өз-өздеріне қол жұмсауға
баруына олардың ата-аналарының да дұрыс көңіл бөлмеуі себеп болатынға
ұқсайды. Қазір көпшілік ата-ана күні бойы жұмыста болады да, баласына 1
сағат көңіл бөлуге де мұршасы болмайды. Осының салдарынан ішкі жан
күйзелісін ешкімге жеткізе алмаған бала тұйықталып, ақыры өзіне қол
жұмсауға баруы ықтимал. — Негізінен көбісі суицидке барғанда, өлемін
деп бармайды, тек айналасындағылардың назарын өзіне аударғысы келеді.
Мәселен, "мен өлсем осылар қайғырады ма, жылайды ма, өкінеді ме” деген
тәрізді ойлармен өз-өздеріне қол жұмсап жатады, — дейді Ғали
Жүсіпбекқызы.
МЕКТЕП ПСИХОЛОГТАРЫНЫҢ БІЛІКТІЛІГІ МЕН БІЛІМІ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ МЕ? Сонымен қатар, департамент басшысы мектептердегі психологтардың жұмысына да көңілі толмайтынын жеткізді. —
Шыны керек, маман психологтар бізде өте аз. білімі мен біліктілігі
төмен психологтар мектептерде оқушылармеғн қалай жұмыс жасау керектігін
де біле бермейді. Қазір білім мекемелеріне жұмысқа тұрып жатқан психолог
мамандарының көпшілігі енді ғана жоғары оқу орнын бітіріп келгендер
және оның ішінде сырттай білім алғандар. Біріншіден, сырттай білім
деңгейінің қандай дәрежеде екенін көріп жүрміз, оның үстіне жоғары оқу
орындарындағы жемқорлықты қосыңыз, яғни ақшамен баға қойдыру жәйттері
есепке алыңыз. Бұған қоса ол жастардың еңбек өтілі, тәжірибесі жоқ.
Сондықтан, олардың барлығын бірдей оқушылармен жоғары деңгейде жұмыс
істеп жатыр деп айту қиын, — дейді Ғалия Жүсіпбекқызы. — Оның үстіне,
300 оқушыға бір психологтан керек болса, 1200 орындық мектептерде жалғыз
немесе екі психолог қана жұмыс істеуде. Бұл жеткіліксіз, кемі төрт
психолог жұмыс жасау қажет мұндайда. Жалғыз психолог сонша оқушымен
тілдесіп, оларды қадағалап үлгермейді. Бұдан бөлек, психологтардың
кабинеттері дұрыс жарақтандырылмаған. Осындай жағдайлар да
психологтардың дұрыс жұмыс жасауына кедергі келтіруде. Мәселен, Сайрам
ауданында 106 мектеп бар, оның көпшілігінде 1000-ға тарта оқушы білім
алуда. Осы 106 мектепте 172 психолог қана тәлім береді. Жалпы, кешегі
күнге дейін суицид жасауға әлеуметтік жағдайы төмен, толық емес
отбасыдан шыққан жасөспірімдер барады делініп келсе, соңғы оқиғалар
бұның дұрыс еместігін көрсетіп берген. Суицидке барушылардың денінің
әке-шешесі бар, тұрмыстары жақсы және сабақ үлгерімдері де нашар
болмаған. Демек, олардың өз-өздеріне қол жұмсауының басқадай себептері
бар. Жуырда ғана Шымкент қаласындағы мектептердің бірінде оқушы қыз
өз-өзіне қол жұмсады. Оған себеп — жігіті тастап кеткен. Демек,
жасөспірімдер қиындықпен, тосын жағдайлармен күресуге дәрменсіз болып
келеді және өмір тым арзанға бағалайды. Бұл да рухани байлықтың кемшін
тартуынан болар. Рас, қазіргі заман мен бұрынғыны салыстыруға мүлде
келмейді. Экологиялық, экономикалық ауыртпалықтарды қоспағанда, жоғары
технологияның өзі адам психикасына қосымша салмақ түсіріп, содан келіп
үнемі шаршап жүретін адамдар көбейді. Өкінішке қарай, олар
психологтардан кеңес алуға құштар емес. Тіпті, психологқа көрінуді
ар-ұят санайтындар да баршылық. балалардың құқығын қорғау
департаментінің директоры Ғалия ханым да бұл пікірімізге қосылды. —
Батысты, Американы қанша жамандасақ та, олардан да үйренеріміз көп.
Керек десеңіз, онда әр отбасының жеке психологтары бар. Ал бізде бұл
жағы дамымай тұр. Біріншіден, адамдар психологқа барып кеңес алуға назар
аудармаса, екінші жағынан білікті психологтар да аз болып тұр.
Тәжірибелі психологтар бар, бірақ олардан кеңес алу құны өте қымбат, —
дейді ол.
БАЛАЛАРҒА ҮЛГІ ЕТЕР ТҰЛҒА ЖОҚ Біз бұдан
кейін мектептердегі жағдайларды да байқап көру үшін, шымкент қаласындағы
№17 Лермонтав атындағы орта мектепке ат басын бұрдық. Есік алдынан
мектеп инспекторы, полиция капитаны Надир Халметов күтіп алды. Біз
инспектордың жұмысымен таныстық. Халметовтың сөзіне сенсек, ол әрбір
күні оқушыларды қарсы алып және қайтар кезде біршама жерге дейін ұзатып
салады екен. Сонымен қатар, оқушылардың арасынан сақшылар тағайындалған.
Мектепте 44 сынып болса, әр сыныптан 2 сақшыдан, яғни 88 сақшы
тағайындалған. Олар әрдайым өз жұмыстары туралы мектеп инспекторына есеп
беріп, бірлесе жұмыс істейді екен. Сонымен қатар, қайсыбір оқушы
сабаққа кешігіп келсе немесе келмей қалса, оның себебі туралы
түсініктеме жазып береді. Түсініктемеге байланысты Надиров оның
ата-анасына хабарласып, оқушы айтқан себепті нақтылай түседі. Бұдан бөлек, сабақтан кейін де, демалыс күндері де оқушыларын қадағалап отырады екен. —
Осындай жұмыстардың нәтижесінде, біздің мектепте оқушылар арасында
ешқандай құқық бұзушылықтар орын алып жатқан жоқ, — дейді ол. Яғни,
жұмыс бір жүйеге келтіріліп, соның арқасында оқушылардың бұзақылыққа
барып, бір-бірінен ақша бопсалауы, бей-берекет қыдыруы тәрізді
тәртіпсіздік жағдайлары мүлде орын алмайтын көрінеді. Инспектор жұмысына қанағаттанған соң, біз осы мектептің психолог маманы Гүлшаһар Әбдікерімованы сөзге тарттық. —
Психологтарды дұрыс жұмыс жасамайды деген сөзбен мүлде келіспеймін.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева барлық жұмысты қатаң
қадағалап отыр, соның арқасында сәл ғана босаңдық танытуға да мүмкіндік
жоқ, — деген ол өзінің жұмыс жоспарымен бөлісті. Әр сыныптан
психологиялық сауалнамалар жүргізіп, соның нәтижесі бойынша бала
бойындағы көңіл-күйді анықтап, соған қарай жұмыс жасайды екен. Өкінішке
орай, мұндай психологиялық тесттердің нәтижесі тек бір аптаға ғана
жарайды. Ал, апта сайын тест алуға психолог үлгермейді. — Кейде
кеңес сұрап оқушылардың өздері келіп жатады. Одан бөлек, әр оқушының
жүзінен-ақ оның мазасыздануын байқап, соған қарай олармен жұмыс
жасаймын. Бірақ, мыңдаған оқушының барлығын жеке-жеке бақылап отыруға
бір психологтың жағдайы жетпейді, — дейді Гүлшаһар Әбдікерімова. Суицид
жағдайына келсек, Гүлшаһар ханымның айтуына қарағанда, көбіне
жасөспірімдер мұндай жағдайға ойланбай баратындықтан, олардың
өз-өздеріне қол жұмсау әрекетіне баратынын алдын ала аңғару қиын екен.
Мәселен, күндіз ғана жоғары көңіл-күйде жүрген жасөспірім кешкісін
сүйіктісімен немесе жанұя мүшелерінің бірімен ренжісіп қалады да, сол
заматта-ақ өз-өзіне қол жұмсай салуы ықтимал. "Дегенмен, психологтар
оларды неге алдын-ала мұндай жағдайларда әлсіздікке бармауға, өмірдегі
қиындықтармен күресе білуге талпындырып, барлық қиындықтардың уақытша
екенін түсіндірмейді?” деген сауал тастадық Гүлшаһар ханымға. — Біз
бұл жайында айтамыз. Бірақ, суицидке барар алдында жасөспірім "психолог
осылай деп еді ғой” деп ойланып жатпайды, бірден әрекет жасайды. Яғни,
ойланбай іске барады, егер сәл ғана сабырға келіп, өз-өзіне ойлануға
мүмкіндік берсе, бала өз-өзіне қол жұмсамас еді, — дейді бұған психолог. Бұдан бөлек Гүлшаһар Әбдікерімова қазіргі балалардың бойында менменшілдік қасиеттің жоғары екенін де тілге тиек ете кетті. —
Бұрынғы отбасылар негізінен көпбалалы болып келетін, соның арқасында
балалар бір-біріне қарап, тәрбие алатын. Қазіргі ерлі-зайыптылар болса
бір-екі баламен ғана шектеледі және солардың өзіне дұрыс көңіл бөлуге
уақыт таппайды. Осының салдарынан балалардың тәрбиесі өзгеріп келеді, өз
дегендері болмаса шарт кететін кездері жиі, — дейді ол. Тағы бір
айта кетер маңызды мәселе — бүгінгі балаларға үлгі етіп көрсетер тұлға
да жоқтың қасы. Бұрынғы балалар бірі ғарышкерге, екіншісі ұстазына,
үшіншісі ақын-жазушыға еліктеп, солардай азамат болып өсу үшін
талпынатын. гүлшаһар ханымның айтуына қарағанда, бұл күнде тек
Назарбаевты ғана үлгі етіп көрсетуге мәжбүр көрінеді. Тіпті, ұстаздардың
өздерінің жағдайлары, мәртебесі төмендеп кеткендіктен, оқушылар оларды
үлгі тұтудан қалып бара жатқанға ұқсайды.
БАЛА — БІЗДІҢ БАСТЫ ҚАЗЫНАМЫЗ! Иә,
біз қаладағы бір ғана мектептегі жағдаймен таныстық және мұндағы
инспектор мен психологтың жұмысына қанағаттануға әбден болатын сияқты.
Бірақ, барлық мектептердегі жағдай осындай деуге келмейді, әрине.
Жоғарыда Балалар құқығын қорғау департаментінің директоры Ғалия
Жүсіпбекқызы айтып өткендей, өз ісін жетік меңгермеген психологтардың
кездесетінін де жоққа шығаруға болмас. Сонымен қатар, жұмысын
кабинетінде сканворд шешіп өткізетін инспекторлардың да арагідік
кездесуі ықтимал. Сондықтан, басшылар тарапынан жауапкершілік пен
міндеттемелерді әлі де нықтай түсу керек. Ешқандай да босаңдық танытуға
болмайды. Мақаламызды қорытындылай келе айтарымыз, ертеңгі күнгі ел
басқаратын тұлғалар да, атақты спортшылар да, үлкен өнер иелері де
бүгінгі балалардың арасынан шығады. Демек, әрбір бала — мемлекетіміздің
болашағы, берік іргетасы. Әр баланы жоғалтқан сайын, мемлекет
болашағының іргетасы сөгіліп жатқандай сезінуіміз қажет, болашақ бір
талант иесін жоғалтқандай қайғыруымыз керек. Қысқасы, әр бала — ең
қымбат қазынамыз! Сондықтан, әр баланы сақтауға қоғам болып атсалысуымыз
қажет. Ата-ана бала алдындағы, ұстаз шәкірт алдындағы, қоғам болашақтың
тұлғасы алдындағы, мемлекет басты байлығының алдындағы жауапкершілігін
ұмытпауға тиіс!