Суицидпен күрес

Сайт мәзірі
Жобаның бейне-роли
Біздің сауалнама
Суицидтын алдын алуға бола ма?
Всего ответов: 260
Статистика

Онлайн всего: 4
Гостей: 4
Пользователей: 0

Каталог файлов

Главная » Файлы » Мои файлы

20 секунд сайын бір адам өзіне-өзі қол жұмсайды
[ · Скачать удаленно () ] 13.10.2011, 12:34
Бұл аз болғандай, 2010 жылы 237 суицид оқиғасы тағы тір­ке­ліпті. Сонда, он екіде бір гүлі ашыл­маған жасөспірімдер өз­дерін өздері неліктен өлімге қияды? Өмірден неге безеді? Оларды бұған итермелеген не? «Ел аман, жұрт тынышта» талай ата-ананы зар жылатып, бауыр еті баласынан айырып жатқан суицид дегеннің өзі не? Жасөс­пірім­дерді мезгілсіз «жағадан» алатын, айтып келмейтін бұл - қандай тажал? Суицидтің себебі мен салдары қандай? Міне, бұл сан мың­даған ата-ананы, тіпті еліміздің әрбір тұрғынын толған­дырып та, ойландырып та жүрген мазасыз сауалдар екені хақ. Сондықтан да бүгін біз адам­ның жандүниесін кірпік қағысынан байқай білетін, адам жанын те­реңнен түсінетін психологтардың пікірін білуге асықтық. Сондай-ақ қоғам қай­раткерлері мен заңгерлердің суицид туралы көзқарастарын бере отырып, ой түйгенді жөн санадық.
Гүлмира ЕСІМБАЕВА, Мәжіліс депутаты:
- Соңғы уақытта жасөспірім­дер­дің өзіне-өзі қол жұмсау фактісі етек алып барады. Ең ауыры сол, суицид қазіргі уақытта бір ғана отбасының қайғысына ғана емес, ауқымы үлкен қоғамдық кеселге айналып отыр. Сондықтан да жақында бір топ Мә­жіліс депутаты Үкіметке сауал жол­дап, осынау маңызды мәселеге ба­рынша назар аудару қажеттігін сұра­дық. Бұған себеп болған нәрсе, егер мәселенің статистикалық жа­ғына келсек, біздің елімізде күні бүгінге дейін суицидті нақты есепке алу толық жолға қойылмаған кө­рінеді. Өйткені осы дертке қарсы күресетін нақты бір ұйымдасқан шара жоқ. Білім министрлігі өзінше, Ішкі Істер министрлігі өзінше жеке мәлімет жинауда. 2009 жылы еліміз бойынша 260 жасөспірім өзіне-өзі қол салып, фәнимен қош­тасқан. Бұл аз болғандай, 2010 жылы 237 суицид оқиғасы тіркеліпті. Қолға түскен ресми статистикаға қарасақ, суицид оқиғасы барлық облыстарда азаймай отыр. Мысалы, Шығыс Қазақстан облы­сын­да 30 шақты жасөспірім өмірмен қош айтысса, Қарағанды, Оңтүстік Қа­зақстан, Ақмола, Ақтөбе облыста­ры­ның әрқайсысында соңғы жылдың өзінде ғана 20-дан астам оқушының өзіне-өзі қол салғандығын жасыруға болмайды. Осы мәселемен айналы­са­тын халықаралық ұйымның дере­гіне үңілсек, Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының мүшесі болып табылатын Қазақстан жасөс­пірім­дердің өлімі (суицид) бойынша Ре­сейден кейін екінші орында көрінеді. Суицидтің көлемі соңғы жылдардың өзінде жеті пайызға өсіп­ті. Осылайша, көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан тәрізді ел­дер­мен салыс­тыра қарағанда, Қазақ­стан­да жас­тар­дың өзіне-өзі қол жұм­сау деңгейі өте жоғары болып тұр. Бұған тағы бір дәлел, Қазақстан әлемдегі 193 мемлекеттің ішінде суицид бойынша үшінші орында тұр. Мұндай дерек тек жекелеген отба­сын, тіпті қоғамды ғана емес, ел Үкі­метін де терең ойландыруы тиіс. Бала біздің болашағымыз емес пе?!
Тағы бір айтарым, «суицид екен» деп ол туралы жаңалықтарды жерден жеті қоян тапқандай телеарналардан үсті-үстіне берудің қажеті шамалы. Өйт­кені жасөспірімдерге мұның пай­дасынан гөрі, зияны көбірек. Ке­рісінше, шағын ақпаратты көрген оқушы суицидтің атынан «үркетіндей» етіп берген жөн. Әйтпесе қайсыбір телеарналар мұндай оқиғаларды бас­қаша ракурста беруді әдетке айнал­дыруда. Міне, біз осыған тоқтау са­луымыз керек. Тағы бір маңызды нәрсе, мектепте жұмыс істеп жүрген ұстаздар қауымының әсте үндемейтін, «мылқау» оқушының да тілін таба білуге үйренгені жөн. Білім беру саласында ұстаз үшін бұл - басты бағыттың бірі болуы керек. Жалпы, суицид деген суық әрекеттен жасөс­пірімдерді аулақ ұстау үшін барлық ауылдар мен қалаларда тегін спорт секциялары мен алуан түрлі үйір­ме­лерді көптеп ашып, оған оқушыларды жаппай тарту қажет. Осылайша суицид туралы немесе бөтен пиғылды ойлауға оқушылардың шамасын келтірмеуге тырысу керек. Өмірдің өзі көрсеткендей, бос уақыты көп оқушы кейде жаман нәрсеге үйірсек келеді. Ұстаздар да, ата-аналар да осы жағын батыл ойлануы тиіс. Ал Үкімет бұл бағытта кешенді шараны қолға алғаны абзал.

Жарас СЕЙІТНҰР, психология ғылымдарының кандидаты:
- Маман ретінде айтар болсам, ең алдымен жасөспірім оқушылар арасында суицидтің орын алуына телеарналар арқылы апта, тіпті күн сайын шектеусіз көрсетіліп жатқан, кейіпкерлері алуан түрлі әдістермен өлім құшатын шетелдік фильмдердің көбейіп кетуі ықпал етуде. Өйткені мектеп жасындағы оқушы әсершіл, көргенін қайталауға бейім тұрады. Бұл жерде, ата-ана мен ұстаздың тәрбиесі мықты бо­луы тиіс. Бұл - бір! Екіншіден, елімізде қаптап кеткен компьютер клубтары немесе үйдегі компьютер жасөспірімнің санасын улаған үстіне улай түсуде. Өйткені осындағы үрейлі фильмдерді былай қойғанда, алуан түрлі сайтан сайт­тардың бала­ны өзіне әп-сәтте тартып ала­тыны даусыз. Оның үстіне мұндай сайт­тар­дың қайсыбіреулерінің егер өмірден түңіліп жүрсең, еш қиын­дық­сыз о дүниеге аттанып кетуге болатындығын оп-оңай-ақ, жілік-майын шағып түсіндіретінін қай­тер­сіз?.. Ал мұндай сайтқа кірген ба­ланың жүйкесі әп-сәтте уланып шығатыны және ондай жасөспірімнің кез келген нұсқауды өзі арқылы «сы­нақтан» өткізуге дайын тұратыны белгілі. Бұл - өте қауіпті! Сонда, бұдан құтылудың жөні бар ма? Әрине, бар! Ол үшін ел Үкіметі немесе Ақпарат және бай­ланыс министрлігі телеарналардағы қажетсіз фильмдер­ді ысырып тас­тап, сайтан сайттарды жасөспірімдер аша алмайтындай қатаң шара қабыл­дауы қажет. Олардың орнына ұлттық сипатқа сай фильмдерді көрсеткен абзал. Өкі­ніш­ке қарай, әзірге бұған бас «ауыртып» жатқан ешкім жоқ. Ең өкініштісі міне, осы!

Жанділда ЖАҚЫПОВ, Халықаралық құқық қорғау орталығының президенті, кәсіби заңгер:
- Бүгінгі күні қайсыбір мектеп­терде жоғары сынып оқушылары төменгі сынып оқушыларынан ақша талап етіп, егер ақшаны дер кезінде әкеп бермесе «счетчикке» отырғызып, әлгі баланың мазасын алатынын жа­сыруға болмас. Ал бейкүнә жасөспірім болса, әлгілердің қысымына шы­дамай «бүйткен өмір бар болсын» деп қыл арқанға қол салып, өмірмен қош­тасады. Соңғы уақытта мұндай оқиғалар жер-жерде көбейіп кетті. Мұндай жағдайлар студенттер арасында да кездесуде. Қалай десек те, бүгінгі күні суицид - жасөспірім­дер­дің өзін-өзі өлтіруі қоғамдық айықпас ауруға айналып барады. Бұл мәселе ҚР Қылмыстық кодексінің 101-бабында (өзіне-өзі қол жұмсау) арнайы қарастырылған. Жалпы, суицид орын алған жағдайда оның себептері мен салдарын мұ­қият талдап, жан-жақты қарау керек. Ең бастысы, бұл бағыттағы сарап­та­малық тергеу жұмыстарын барынша байыппен жүргіз­ген жөн. Мұндай істе шала­ғай­лыққа жол беруге бол­майды. Мысалы, Ішкі істер бас­қар­маларында, Мемлекеттік тергеу комитетінде, одан соң Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің Тергеу депар­та­ментінде жұмыс жасаған кезімде менің өзіне-өзі қол жұмсау оқиға­ларына қатысты бірсыпыра істерді тергеуіме тура келді. Сонда мұндай оқиғалардың себеп-сал­да­рының бір-біріне тіпті де ұқса­май­тынын бай­қадым. Мысалы, Ресейдің құқық қорғау саласында түрмеде орын алған алуан түрлі жағдайлар болды. Бірде-бір жасөспірім өзінің көзін өзі ойып алып, сол арқылы түрме әкімшілігіне нара­зылығын біл­діргісі келді. Тергеу барысында оның мұн­дай суицидтік қадамға «егер көзімді ойып алсам, жазадан құты­ламын, сөйтіп, түрмеден босап шы­ғамын» деп ойлауы себеп болған. Ке­рісінше, ол бұрынғы жазасына тағы да бірнеше жылды «жамап» алды. Ал ҚР Қылмыстық кодексінің 101-бабында әлдебіреуді өзіне-өзі қол жұмсап, суицидке мәжбүр еткен күдік­тіні үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру белгі­лен­ген. Егер ересек адам мұндай жағдайға кәмелетке толмаған жасөспірімді мәжбүрлеген жағдайда онда күдікті 5 жылға темір тордың ар жағына жө­нел­тіледі. Ата-ана көп қай­ғылы жағдай орын алған соң, бала өлімінің себебін қарастырып жатпай-ақ, «жабулы қазанды жабулы күйінде» қалдыруға тырысады. Қайғы жамылған ата-ананың «өлер бала өлді, қылмысты қаузағаннан балам тіріліп келе ме?» деп адамшылық мәселені алға қоюы, әрине, өкінішті. Мұндай жағдайда жергілікті құқық қорғау органдары оқиғаның анық-қанығын анықтап, кінәлі адамның заң алдында жазалануына ықпал етуі тиіс. Бұл әрбір құқық қорғаушының тұрғындар алдындағы басты парызы, қызметке адалдық ретінде қарас­ты­рылуы тиіс. Қорыта келе айтарым, отбасы - жасөспірім тәрбие алатын алтын бесік. Демек, әрбір жасөспірім өзі өмірге келген отбасында өмір сүрудің мәні мен маңызын жан-жақ­ты түйсініп, сезініп өсуі тиіс. Мұндай тәрбие көрген баланың талай жас өмірді жалмаған суицид деген тажал­дан әсте аулақ жүретіні ақиқат. Ал балаларды бақытты азамат етіп тәр­бие­леу, бұл - ата-ана алдындағы бас­ты парыз болуы тиіс!

Суицид түрлері:
Шетелдік ғалымдардың пі­кірінше, суицидтің үш түрі бар көрінеді. Оның біріншісі - шынайы суицид. Мұндай жағ­дайда адам өмір­ден түңі­леді, үнемі көңілсіз жү­реді. Өмір сүрудің мән-ма­ңызын жоғалтады. Ақыры өзіне-өзі қол жұмсауға бел байлайды. Екіншісі - жариялы суицид. Әдетте, мұндай жолды таң­дағандар өлместен бұрын өлгісі келетіндігіне өзгелер­дің назарын барынша ауда­руға бейім тұрады. Мәселен, біреумен ренжіссе бол­ға­ны қолына суық қару немесе ар­қан-жіп ала жүгіріп, «өлем» деп өзгелерді үрейлендіргісі келе­тіндер осы топқа жа­тады. Ал үшінші бір түрі - жасырын, яғни құпия суицид. Бұған барғандар өзіне-өзі қол жұмсаудың жақсы еместігін, абырой әпермейтінін жақсы түсінеді. Алайда оларға тір­лікте кездескен қиын­дықтан шығатын жол жоқ болып көрі­неді. Бұған көп­шілігінде на­шақорлар мен ішімдікке са­лы­нып кеткендер дайын тұрады.

Суицидті зерттеп жүрген маман­дардың пікірінше, дүниежүзінде әрбір 20 секунд сайын бір адам өзіне-өзі қол жұмсайды екен. Тіпті жылына 1 миллион адам өзін ажалға қиып, шамамен 20 миллион тұрғын өмірмен мәң­гілікке қоштасуға әрекет жасайды. Сорақысы сол, бұлардың 8 мыңы - қазақстандықтар екен. Ал бұл дегеніңіз, республика бойынша сағат сайын бір адам өз еркімен өмірмен қоштасады деген сөз. Назар аударарлық бір нәрсе, Қазақ­станда адам өлтіргендерге қарағанда, өз-өзін өлтіруге бейім тұратын­дардың саны әлдеқайда көп көрінеді. Ал енді халықаралық анықтама қызметінің дерегіне жүгінсек, 1950 жылдан бергі кезеңде суицид оқиғасы 60 пайызға өсіпті. Міне, осы дерек-дәйектердің өзі соңғы уақытта суицид оқиғасының дүниежүзінің түкпір-түкпірінде жаң­быр­дан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткенін байқатса керек.

Дерек-дәйек:
Суицид деген термин ХVІІ ғасырда пайда болған. Алайда ХVІІІ ғасырдың ортасына дейін мұндай ұғым қоғамда кеңінен пайдаланылмаған. Бірақ бертін келе ХХ ғасырдың алғашқы кезеңінен бастап тұрғындардың өзіне-өзі қол жұмсауы етек ала бастаған. Міне, осы кезде ғылымда «суицидология» (суицид туралы ілім) атты дербес зерттеу саласы қалыптасты.

Бұдан біраз жыл бұрын Алматы облысында жасөспірімдер арасында орын алған үш суицид оқиғасын жан-жақты тексерген комиссия үш оқиғаның орын алуына отбасындағы түсінбестік, әл-ауқаттың, тұрмыстың төмендігі, ата-ананың ажырасуы сынды тұрмыстық жайлардың басты себеп болғандығын анықтады. Сөйтіп, мамандар «оқиғаның орын алуына баласының басына түскен тауқыметті көре тұра оған мән бермеген ата-ана кінәлі» деген пайымдама жасады. Ал жақында Алматыдағы мектептердің бірінде оқитын жасөспірім қарындасына: «Папа-мамамның тілін алып жүр. Мені қорадан табасыңдар!» деп тілдей хат жазып қалдырып, өзінің о дүниеге аттанып кеткенін ескерсек, талай ой көкейді мазалайды. Десек те суицидтің залалы мен зардабын жасөспірімдерге түсіндіруде әлі де кемшін тұстарымыз көп сыңайлы. Қалай дегенімізбен, бүгінде қоғамдық дертке айналған суицидпен күресті жаппай жүргізу қажет-ақ. Сіз қалай ойлайсыз, көкірек-көзі ояу оқырман? Біз сіздердің хаттарыңызды күтеміз.

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ
Категория: Мои файлы | Добавил: dunyawa_98
Просмотров: 1535 | Загрузок: 380 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: